Қолжазбаларды тексеру
Редакцияға келіп түскен барлық материал мәтіннің түпнұсқалығын, жарияланым этикасы талаптарының сақталуын және цифрлық құралдардың, оның ішінде ЖИ жүйелерінің ашық пайдаланылуын тексеруге бағытталған кешенді редакциялық сараптамадан өтеді. Осы бөлім «Жарияланым этикасы» бөлімімен және «Генеративті ЖИ-ді пайдалану саясаты» құжатымен бірге қолданылады әрі Committee on Publication Ethics (COPE, https://publicationethics.org/) ұсынымдары ескеріле отырып әзірленген.
1. Түпнұсқалық пен плагиатты тексеру
1.1. Әр қолжазба бастапқы редакциялық сараптама кезеңінде мәтіннің түпнұсқалығына міндетті түрде тексеріледі. Ол үшін мәтіндерді тексеруге арналған арнайы жүйе қолданылады.
1.2. Тексерудің мақсаты – сілтемесіз алынған мәтін үзінділерін, қайталанатын жарияланымдарды, шамадан тыс дәйексөз келтіруді және ғылыми адалдық қағидаттарын бұзудың өзге түрлерін анықтау. Редакция түпнұсқалық пайызын ғана емес, анықталған сәйкестіктің сипатын, оның дұрыстығын, ғылыми контексін, сондай-ақ гуманитарлық зерттеулердің ерекшелігін (әдебиетке шолу, архив деректері, әдістемелік сипаттамалар және т.б.) де бағалайды.
1.3. Мәтін түпнұсқалығының көрсеткіші 75 %-дан төмен болса редакцияда қолжазбаны әрі қарай талдауға арналған техникалық белгі ретінде ғана қолданады. Бұл мақаладан плагиат табылды дегенді білдірмейді және өз алдына бас тартуға негіз бола алмайды.
Редакция анықталған сәйкестіктерді талдау кезінде дұрыс рәсімделген дәйексөздерді, әдебиеттер тізімін, архив деректерін, зерттеу әдістерінің сипаттамасын және авторлардың бұрын жарияланған еңбектерін ескереді. Қажет болса, редакция авторлардан қосымша түсініктеме мен анықталған мәтіндік сәйкестіктердің негіздемесін сұратады. Қолжазбамен әрі қарай жұмыс істеу туралы шешім тек бір сандық көрсеткішке емес, мазмұнды бағалау мен алынған түсініктемелерге сүйеніп қабылданады.
2. Жасанды интеллект құралдарын пайдалану
2.1. Редакция арнайы тексеру құралдары мен сараптамалық бағалаудың көмегімен материалдарда ЖИ құралдарын, оның ішінде генеративті жүйелерді пайдалану белгілерінің бар-жоғын тексереді.
2.2. ЖИ-ді пайдалану мынадай жағдайда жарияланым этикасын бұзу болып саналмайды:
- қолжазбада көрсетілсе;
- автордың ғылыми жұмысын алмастырмай, тиісті түрде пайдаланылса;
- ЖИ-ді пайдалану автордың зияткерлік үлесін алмастырмайтын шектерде жүзеге асырылса.
2.3. Автор деректердің анықтығы мен интерпретациялардың дұрыстығына жауап береді. ЖИ-ді пайдалануға рұқсат беру туралы түпкілікті шешімді редакция алқасы рецензенттердің ұсынымдары негізінде қабылдайды.
3. Иллюстрациялар мен басқа дереккөзден алынған материалдарды пайдалану
3.1. Суреттерді, кестелерді, графиктерді, сызбаларды және өзге де көрнекі материалдарды олардың дереккөзін көрсетіп, қажет болған жағдайда құқық иесінің рұқсатын алғаннан кейін ғана пайдалануға болады.
3.2. Авторлық құқықты бұзу немесе материалдарды рұқсатсыз пайдалануды редакция жарияланым этикасын бұзу деп бағалайды.
4. Редакцияның шешімдері және анықталған этиканы бұзудың салдары
4.1. Плагиат, қайталанатын жарияланым, мәлімделмеген ЖИ пайдалану немесе этиканы бұзудың өзге әрекеттері анықталған жағдайда редакция:
- материалды авторларға түзетуге қайтаруға;
- қолжазбаны қосымша сараптамаға жіберуге;
- материалды қабылдамауға құқылы.
4.2. Барлық шешім тек автоматты тексеру нәтижесіне ғана емес, сарапшылардың жиынтық бағалауына сүйеніп қабылданады.


