Жариялау этикасы

«Марғұлан оқулары» журналы қолжазбаларды ұсынғаны, рецензиялағаны, редакциялық-баспалық өңдегені және мақалаларды жариялағаны үшін авторлардан төлемақы алмайды. Журналда қолжазбаларды ұсыну жарналары мен мақалаларды жариялау төлемақысы (Article Processing Charges, APC) қарастырылмаған.

«Марғұлан оқулары» журналының редакциялық саясаты мен этикалық талаптары жариялау этикасының жалпыға бірдей танылған халықаралық қағидаттарына және Баспа этикасы жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics, COPE) ұсынымдарына негізделген.

Редакция алқасы толық редакциялық тәуелсіздікке ие. Баспагер қолжазбаларды жариялау туралы шешім қабылдау процесіне араласпайды.

Журналдың Редакция алқасы мен Халықаралық редакциялық кеңесі өз қызметінде және жариялау үрдісінің барлық қатысушыларымен, яғни авторлармен, рецензенттермен, редакторлармен, баспамен, таратушылармен және оқырмандармен қарым-қатынаста этикалық нормаларды қатаң ұстанады. Төменде зерттеу нәтижелерін жариялауға қатысатын авторлар, рецензенттер мен редакторлар ұстануы тиіс этикалық нормалардың тізімі берілген.

Баспа жариялау этикасы қағидаттарының бұзылуына, соның ішінде мынадай жағдайларға жол бермеуге жауапты:

  • Авторлардан өз мақалаларына өз бетінше рецензия ұсынуларын, сондай-ақ келісілген және жалған рецензиялауды талап ету. Бұл тәжірибе журналда рецензиялаудың жоқтығын білдіреді.
  • Агенттік қызметтерді ұсыну. Авторларға «түпкілікті жариялауға» дейінгі дәнекерлік қызметтер көрсету, автордың атынан редакциямен хат алмасу, рецензенттің ұсынымдары бойынша агенттің мақалаларды пысықтауы, ақылы рецензиялар дайындау.
  • Бірлескен авторлықты сату, сыйға тартылған бірлескен авторлық, авторлар құрамын өзгерту. Зерттеуге интеллектуалдық үлес қоспаған тұлғаларды авторлар қатарында көрсету авторлық құқықтар мен этика нормаларын бұзу болып табылады, өйткені бұл оқырмандарды адастырып қана қоймай, алаяқтық ретінде де бағаланады.
  • Сырттай «ғылыми» конференция материалдарын жариялау. Мұндай конференциялар тәжірибесі ғылым саласындағы айла-шарғылармен және алаяқтықпен тікелей байланысты болғандықтан, бұл конференциялардың материалдарын жариялау этика нормаларына жатпайтын, жалған ғылыми мәтіндердің таралуына ықпал ететін әрекет ретінде бағаланады.
  • Мақала мәтіндерін авторлардың келісімінсіз басқа журналдарға беру. Мақаланы автормен келісілмеген журналға жариялау автордың мүддесін бұзу болып саналады.
  • Авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға беру. Редакцияға түскен мақала материалдарын рецензенттер мен редакция қызметкерлерінен басқа үшінші тұлғаларға беру авторлық құқықтарды және редакциялық процестердің құпиялылық қағидатын бұзу болып табылады.
  • Дәйексөз келтіруге қатысты манипуляция жасау. Ғылыми өлшем индекстерін қолдан көбейту, өзіне шамадан тыс дәйексөз келтіру және достық дәйексөз келтіру, релевантты емес сілтемелер оқырмандарды шатастырады және алаяқтық ретінде интерпретацияланады.
  • Плагиат, бұрмалау және қолдан жасау. Редакция өз басылымдарының беттерінде плагиат, деректерді бұрмалау мен қолдан жасауды қамтитын жосықсыз ғылыми жарияланымдардың пайда болуына жол бермей, мақалалар мәтінімен адал жұмыс істейді.

Кәсіби этиканың негізгі қағидаттарына назар аударуыңызды сұраймыз:

  • ғылыми жарияланым авторларының этикасы
  • ғылыми мақалаларды рецензиялау этикасы
  • ғылыми мақалаларды жариялау этикасы
  • генеративті жасанды интеллектіні пайдалану саясаты
  • рецензиялау сапасын бақылау
  • жарнамаға қатысты саясат

Ғылыми жарияланымдар авторларының этикасы

  1. Авторлар «Марғұлан оқулары» журналына жариялау үшін жіберілген қолжазбаның түпнұсқа екеніне және журналдың жұмыс тілдерінің бірінде жазылғанына кепілдік береді.
  2. Авторлар басқа журналға жіберілген және қарастырылып жатқан мақаланы, сондай-ақ басқа басылымда бұрын жарияланған мақаланы бұл журналға ұсынбауы тиіс. Мақаланы бір мезгілде бірнеше басылымға жіберу этикаға жатпайды және дұрыс емес. Бір қолжазбаны бір мезгілде басқа журналға (журналдарға) ұсыну этикаға жатпайтын әрекет ретінде қабылданады және мақаланы қарастырмауға негіз болады. Материалдың бұрын жарияланбағаны және басқа журналда қарастырылып жатпағаны туралы растау автормен жасалатын келісімде бекітіледі; автор ашық жариялаған препринт бұрын жарық көрген журнал жарияланымы болып саналмайды.
  3. Шамадан тыс алынған мәліметтер, сондай-ақ кез келген нысандағы плагиат, оның ішінде тиісті түрде рәсімделмеген дәйексөздер, басқа біреудің зерттеу нәтижелеріне қатысты құқықтарды иелену немесе перефраз жасау этикаға жатпайды және мұндай әрекеттерге жол берілмейді.
  4. Автор (немесе авторлар ұжымы) ғылыми зерттеудің жаңалығы мен сенімділігі үшін өздері жауапты екенін түсінеді.
  5. Мақала авторлары жүргізілген зерттеулердің сенімді нәтижелерін ұсынуы тиіс. Қате немесе бұрмаланған тұжырымдарға жол берілмейді.
  6. Авторлар ұсынылған қолжазбада ЖИ құралдарын пайдаланғанын міндетті түрде көрсетуге, оны қолдану мақсатын ашып, негіздеуі тиіс. Бұл «Марғұлан оқулары» журналының саясатына сәйкес жариялау процесінің барлық қатысушылары арасында ашықтықты қамтамасыз ету және сенімді нығайту үшін жарияланған мақалаға енгізіледі. Генеративті жасанды интеллектіні пайдаланудың негізділігі туралы түпкілікті шешімді рецензенттердің ұсынымдарына сүйене отырып редакция алқасы қабылдайды.
  7. Авторлар зерттеу нәтижелерін интерпретациялауға әсер етуі мүмкін кез келген шынайы немесе ықтимал мүдделер қақтығысын (қаржылық, институционалдық, кәсіби, жеке) ашуға міндетті. Мүдделер қақтығысы жоқ болған жағдайда авторлар бұл туралы (Автормен жасалатын келісімде) тікелей мәлімдеуі тиіс;
  8. Авторлар мақалада пайдаланылатын материалдарды жариялауға қажетті барлық рұқсаттарды алуға жауапты. Материалдарды жариялауға пайдалану құқықтарын растау автормен жасалатын келісімде бекітіледі;
  9. Авторлар бірлескен авторлар тізіміне тек зерттеуге елеулі үлес қосқан тұлғалардың ғана енгізілгеніне кепілдік береді. Мақаланың соңғы нұсқасы мен оны жариялауға ұсыну барлық бірлескен авторлармен мақұлдануы тиіс;
  10. Қолжазба авторларының тізімінде зерттеуді жүзеге асыруға және алынған деректерді интерпретациялауға елеулі үлес қосқан барлық тұлғалар көрсетіледі.
  11. Егер автор мақаланы қарау кезеңі немесе ол жарияланғаннан кейін мақалада елеулі қателер немесе нақты емес деректерді тапса, бұл туралы журнал редакциясына мүмкіндігінше тезірек хабарлап, оларды жою немесе жұмысты кері қайтарып алу бойынша бірлескен шаралар қабылдауы тиіс.
  12. Барлық авторларды әріптестеріне қатысты сыни пікірлерді қамтитын жұмыстарда ғылыми әдепті сақтауға шақырамыз. Әйтпеген жағдайда редакция автормен келісе отырып, материалды қабылдамауға немесе оның стилін түзетуге құқылы.
  13. Қолжазбаны рецензиялау барысында автор журнал редакциясымен ынтымақтасуға, ескертулерге жедел жауап беруге және рецензенттің ұсынымдарын ескеруге міндетті. Рецензенттің бағалауымен келіспеген жағдайда автор редакторға негізделген қарсылықтарын жібереді. Ескертулерді жою және рецензенттің ұсынымдарын орындау рецензия мәтіні авторға жіберілген сәттен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс;
  14. Мақала қайта басылып шыққан жағдайда автор материалдың алғашқы жарияланған жерін көрсете отырып, «Марғұлан оқулары» журналының құқықтарын бұзбауы тиіс.

Ғылыми жарияланымдарды рецензиялау этикасы

  • Редакция рецензиялау үрдісінің құпиялылығын қамтамасыз етеді және рецензенттерге жұмыстарды рецензиялаудың этикалық қағидаттарын қатаң сақтау қажеттілігін хабарлайды. Ұсынылған материалдарды рецензиялау үрдісі құпия сипатта болады. Жарияланбаған материалдарды редакция, редакторлар немесе рецензенттер өз мүдделері үшін пайдалана алмайды.
  • Рецензиялау үрдісі объективті, коммерциялық мүдделерге және конъюнктуралық қажеттіліктерге тәуелсіз сипатқа ие. Зерттеудің ғылыми құндылығы, оның мазмұндылығы мен жаңалығы, ғылыми этика талаптарына сәйкестігі басты басымдылық болып табылады.
  • Рецензиялау құпия түрде жүзеге асырылады. Редакция рецензенттерге қолжазбаны авторлар туралы мәліметтерсіз жібереді; бағалау мазмұнына қарамастан авторларға рецензенттер туралы мәліметсіз рецензиялар беріледі.
  • Рецензент жариялауға ұсынылған материалдар мен зерттеу нәтижелеріне объективті, уәжді әрі негізделген баға беруге міндетті. Автордың жеке басын сынауға жол берілмейді.
  • Рецензент қорытынды ретінде қолжазбаны бағалау критерийлері көрсетілген рецензия бланкін толтырады. Рецензияның қорытынды бөлігінде қолжазбаға берілген жалпы баға, ескертулер мен ұсынымдар қамтылады.
  • Қолжазбаны бағалау үшін өз біліктілігін жеткіліксіз деп санайтын немесе объективті бола алмайтын рецензент бұл туралы редакторға хабарлауға міндетті.
  • Ұсынылған қолжазбаға оң рецензия алынғаннан кейін оны жариялаудың мақсатқа сәйкестігі туралы түпкілікті шешімді редакция алқасы қабылдайды.

Ғылыми мақалаларды жариялау этикасы

  1. «Марғұлан оқулары» ғылыми журналының редакциясы журналдың бағытына сәйкес келетін қолжазбаларды қарауға қабылдайды.
  2. Редакцияның қолжазбаны қабылдауына немесе қабылдамауына негіз болатын критерийлер: ұсынылған мақаланың өзектілігі мен ғылыми маңыздылығы, оның журнал тақырыбына сәйкестігі, мақаланың түпнұсқалығы мен деректердің сенімділігі, материалды баяндаудың айқындығы, мақаланың журнал қоятын барлық талаптарға сәйкестігі болып табылады.
  3. Редакция зерттеулерінде әдепсіз мінез-құлыққа немесе құқық бұзушылықтарға жол берілген мақалаларды анықтау және олардың жариялануына жол бермеу бойынша негізді шаралар қабылдауға, мұндай құқық бұзушылықтарды ынталандырмауға немесе оларға жол бермеуге міндеттенеді.
  4. Редакция шешімдердің авторлардың нәсіліне, жынысына, жыныстық бағытына, діни көзқарастарына, шығу тегіне, азаматтығына, әлеуметтік жағдайына немесе саяси көзқарастарына қарамастан қабылдануына кепілдік береді.
  5. Журнал ұрланған деп саналуы мүмкін материалдарды басып шығармайды.
  6. Редакция мақаланы қабылдау, өңдеу және рецензиялау барысында толық құпиялылыққа кепілдік береді. Жарияланбаған материалдарды жеке мақсатта пайдалануға немесе рецензенттер мен редакция қызметкерлерінен басқа үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
  7. Редакция жарияланатын қолжазбалардың тұтастығын қорғауға, түзетулерді, өзгерістерді немесе мәтінді қысқартуды автормен келісуге міндеттенеді.
  8. Редакция қаралған қолжазбаларға немесе жарияланған материалдарға қатысты шағымдардың қаралуына кепілдік береді. Жағдаяттық қақтығыстар анықталған кезде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданады.
  9. Редакция баспагермен бірлесе отырып қателіктердің мойындалуына кепілдік береді; қателіктер анықталған жағдайда түзету, нақтылау, теріске шығару және кешірім сұрау әрекеттері жарияланады (Мақалаларды кері қайтарып алу немесе түзету жөніндегі нұсқаулық).
  10. Редакцияның пікірі әрқашан жарияланатын материалдар авторларының көзқарасымен сәйкес келе бермейді.

Генеративті жасанды интеллектіні (ГЖИ) пайдалану саясаты

«Марғұлан оқулары» журналының редакциясы ғылыми-зерттеу саласындағы жаңа интеллектуалды технологиялардың дамуын және еңбек өнімділігін арттыруға арналған құралдарды пайдалануды мойындайды және қолдайды. Журнал жарияланымдар саласындағы ЖИ-дің жаңа жетістіктерін мұқият бақылап, тіркеп отырады. Ғылыми жарияланымдарды жазу кезінде ЖИ-ді пайдаланатын авторлардың саны артып келеді, бұл өз кезегінде адам мен машина генерациялаған мәтін арасындағы шекараны жойып, журналдың авторлыққа қатысты саясатының мазмұнына күмән келтіреді.

Авторлар ұсынылған қолжазбада ЖИ құралдарын пайдаланғанын міндетті түрде көрсетуі, қолжазбада оны қолдану мақсатын ашып, негіздеуі тиіс. Бұл «Марғұлан оқулары» саясатына сәйкес жариялау процесінің барлық қатысушылары арасында ашықтықты қамтамасыз ету және сенімді нығайту үшін жарияланған мақалаға енгізіледі. Генеративті жасанды интеллектіні қолданудың негізділігі туралы түпкілікті шешімді рецензенттердің ұсынымдарына сүйене отырып редакция алқасы қабылдайды. Сонымен бірге редакция қолжазбаны дайындау кезінде қолданылған ақпараттық жүйелердің атауын, соның ішінде ChatGPT-ді мақаланың бірлескен авторы ретінде енгізуге жол берілмейтінін баса айтады.

Рецензиялау сапасын бақылау/strong>

Жекелеген жағдайларда редакция алқасы мақаланы қосымша рецензиялауға, соның ішінде статистикалық және әдістемелік рецензиялауға жібере алады. Журналдың редакция алқасы рецензиялау сапасын тұрақты түрде бағалап отырады. Журнал редакциясы рецензиялау рәсімі төмендегідей нәтиже береді деп күтеді:

  • сапасыз мақалалардың жариялануына жол бермеу және тиісінше жоспарланбаған әрі орындалмаған зерттеулерді жою;
  • мақалада ұсынылған деректердің дұрыстығына, жеткілікті көлемде баяндалғанына көз жеткізу;
  • мақалада өз саласындағы бұрынғы маңызды еңбектерге сілтемелердің бар-жоғын тексеру;
  • алынған деректерді авторлық интерпретациялаудың дұрыстығына және тұжырымдардың негізділігіне көз жеткізу;
  • осылардың негізінде мақаланы жариялау туралы шешім қабылдап, авторларға оны жетілдіру бойынша (қажет болған жерлерде) ұсынымдар беру.

Жарнамаға қатысты саясат

Редакция өз қызметінде этикалық стандарттарды ұстанады және ең алдымен редакциялық дербестік құқығын қорғайды. Жарнамалық-ақпараттық материалдарды орналастыру мен демеушілік жариялауға арналған материалдарды іріктеуге қатысты редакциялық шешімдерге және редакциялық мазмұнға әсер ете алмайды. Журнал жарнаманы сүйемелдеуге арналған материалдарды жарияламайды және нақты мақалаларға қатысты жарнаманы сатпайды. Журналда жарияланатын жарнамалық-ақпараттық материалдар редакциялық материалдармен араластырылмайды.

Жарнамалық материалдарды орналастыру бойынша барлық шешімдерді Баспагер қабылдайды.

Редакция жарнамалық-ақпараттық материалдарды қабылдамауға құқылы.